

2025 жылдың 14 шілдесінде II Республикалық жас геологтар далалық олимпиадасының салтанатты жабылу рәсімінде колледж үшін ерекше маңызды оқиға орын алды. ҚР ҰҒА академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, бұрынғы Геология министрі (1993–2000 жж.), Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Амангелді» газ кен орнының алғашқы ашушысы Серікбек Жүсіпбекұлы Дәукеев колледжге «Делбегетей» гранит массивінен жер учаскесін сыйға тартты.
«Делбегетей» гранит массиві ұзақ жылдар бойы колледж студенттері үшін геологиялық түсіру практикасын өткізу орны болып келді. Бұл практика құрылымдық геология, геологиялық картографиялау, минералогия, петрография, палеонтология және тарихи геология пәндерінен алынған теориялық білімдерді бекітуге бағытталған.
Практиканың негізгі міндеті – студенттерге табиғи жағдайда геологиялық зерттеу дағдыларын меңгерту. Олар маршруттық зерттеу кезінде және жеке геологиялық түсіру барысында жыныстарды, кендерді, қазба қалдықтарды және жыныс дислокацияларын зерттейді және сипаттайды. Бұған дейін колледждің жеке жер телімінің болмауы аталған практиканы ұйымдастыруда жыл сайын қиындықтар туғызатын.
Серікбек Жүсіпбекұлының бұл сыйы – болашақ геологтарды сапалы даярлауға қосқан үлкен үлес, геология саласының дамуына шын жанашырлықпен қарайтын тұлғаның үлкен жүректі әрекеті.
Сонымен қатар, 2025–2026 оқу жылынан бастап, колледждің үздік студентіне ай сайын 50000 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалатыны жарияланды. Шәкіртақы иегері Педагогикалық кеңестің шешімімен анықталатын болады. Бұл шешім сөзсіз біздің студенттер үшін зор ынталандыру болып табылады және олардың оқу мен ғылымдағы жетістіктерге ұмтылысын арттырады!
Колледж ұжымы мен студенттер атынан Серікбек Жүсіпбекұлы Дәукеевке колледжге көрсеткен қолдауы үшін шексіз алғысымызды білдіреміз!


