
2025 жылғы 14 шілдеде II Республикалық жас геологтардың далалық олимпиадасының салтанатты жабылу рәсімінде колледж үшін маңызды оқиға орын алды.
ҚР ҰҒА академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, бұрынғы геология министрі (1993-2000 жж.), Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Амангелді» газ кен орнының алғашқы ашушысы Даукенов Серікбек Жүсіпбекұлы колледжге «Делбегетей» гранитті массивінен жер телімін сыйға тартты.
«Делбегетей» гранитті массиві көп жылдан бері студенттердің құрылымдық геология мен геологиялық картографиялау, минералогия, петрография, палеонтология және тарихи геология пәндері бойынша алған теориялық білімдерін бекітуге бағытталған оқу-геологиялық тәжірибесінің өткізу орны болып келеді. Бұл тәжірибенің басты мақсаты – студенттердің дала жағдайында геологиялық зерттеу дағдыларын қалыптастыру. Студенттер оқу барысында тау жыныстарын, рудаларды, қазба қалдықтарды және жыныстардың дислокацияларын сипаттап, тәжірибе аймағында рекогносцировкалық маршруттар жүргізіп, өздігінен геологиялық түсірілімдер жасау арқылы кәсіби шеберліктерін жетілдіреді.
Колледждің өз жер телімінің болмауы бұл тәжірибені жыл сайын ұйымдастыруда айтарлықтай қиындықтар туғызатын. Серікбек Жүсіпбекұлының сыйға берген жер телімі – болашақ геологтарды сапалы даярлауға қосқан үлкен үлес, еліміздегі геологиялық барлау саласының дамуына шын жүректен алаңдайтын жанашыр азаматтың айрықша қадамы.
Сонымен қатар, Серікбек Жүсіпбекұлы 2025-2026 оқу жылынан бастап колледждің үздік студентіне ай сайын 50 000 теңге көлемінде стипендия тағайындау туралы шешім қабылдағанын жария етті. Бұл стипендия иегерлері Педагогикалық кеңес отырысында анықталатын болады. Аталған шешім сөзсіз студенттерімізге табысты оқу мен ғылыми шыңдарды бағындыруда зор ынталандыру болмақ.
Колледж ұжымы мен студенттер атынан Серікбек Жүсіпбекұлы Даукеновке колледжге көрсеткен зор қолдауы үшін шексіз алғысымызды білдіреміз!


