2025 жылғы 18–30 желтоқсан аралығында Геологиялық барлау колледжі информатика пәнінің оқытушысы Амангалиев Дастан Амангалиұлы Қытайдың Ухань қаласындағы «Бағдарламалық қамтамасыз ету» колледжінде ұйымдастырылған кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының оқытушыларына арналған AI біліктілігін арттыру халықаралық курсын сәтті аяқтады.
Аталған бағдарлама екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы алғашқы бірлескен жобалардың бірі болып табылады. Курстың негізгі мақсаты-жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне енгізу, сондай -ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы кәсіби және технологиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту. Оқыту барысында қатысушылар жасанды интеллекттің негізгі ұғымдарымен, AI — модельдердің даму бағыттарымен, AI — инфрақұрылымды құру негіздерімен, білім беру саласындағы заманауи қолданбалы тәжірибелермен және AI- жобаларын әзірлеудің аспектілерімен танысты.
Бүгінгі таңда жасанды интеллектті зерттеу мен қолданудың өзектілігі оның білім беру, экономика және еңбек нарығын трансформациялаудағы негізгі рөлімен түсіндіріледі. AI-технологияларын оқу процесінде қолдану білім сапасын арттыруға, оқушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға және цифрлық экономика жағдайында сұранысқа ие мамандарды дайындауға мүмкіндік береді.
Халықаралық біліктілікті арттыру курстарына қатысу техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі үшін ерекше маңызды, себебі бұл заманауи әлемдік тәжірибені интеграциялауға, инновациялық педагогикалық әдістерді енгізуге және кадрларды дайындауды қазіргі жаһандық талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Осы курсқа қатысушылардың арасында біздің оқытушымыздың болғаны колледжіміз үшін үлкен мақтаныш.




