2024 жылдың 23 ақпан күні Геологиялық барлау колледжі түлектерінің бірінші слеті өтті. Айтулы іс-шараға колледж ұжымы жоғары деңгейде дайындалып, мазмұнды бағдарлама дайындады. Колледж студенттері әр буын түлектерін салтанатты түрде қошеметпен қарсы алды. Колледж фойесі түлектердің студенттік өмірлерінен сыр шертетін естелік фотосуреттермен безендіріліп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Жиынның ашылуы күрделі жөндеуден өткен акт залында өтті, онда түлектер өз партасына қайта отырып, өздерін студент ретінде сезінуге мүмкіндік алды. Мерекеге Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпірінен 120-дан астам түлек жиналды.Ашылу салтанатында Абай облыстық білім басқармасының ТжКБ бөлімінің басшысы Жакупбаева Вилена Каримовна мен колледж директоры Назигүл Тілеуғазықызы Минаева құттықтау сөз сөйледі. Слеттің басты оқиғаларының бірі — колледж түлектері ассоциациясының салтанатты ашылуы мен тұсаукесері болды. Ассоциация президенті Асенов Ернат және Ассоциация кеңесінің мүшелері Тоқтаров Айтқали мен Оспанова Айжан сөз сөйлеп, ассоциацияның миссиясы, мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды. Одан әрі іс-шара бағдарламасы бойынша кәсіптік бағдар беру кездесулері мен колледж студенттерімен шеберлік сабақтары өтті. Сонымен қатар, түлектер колледжге экскурсия жасап, колледждің осы жылдар ішінде қалай өзгергенін тамашалай алды.Түлектердің колледж ардагерлерімен кездесуі бүгінгі күннің әсерлі сәті болды. Түлектер ұстаздарының қажырлы еңбектері мен берген білімдеріне алғыстарын білдірді. Кездесудің жабылу салтанатында түлектер студенттік шақтарына қайта оралып, үлкен сахнадан баршаны Түлектер ассоциациясының құрылуымен тағы да құттықтауға мүмкіндік алды.