
2025 жылдың 11-15 ақпан күндері Астана қаласында өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара байланыс алаңына айналды. Қала үлгісінде ұйымдастырылған шараға «Геологиялық барлау колледжі» КМҚК мен ERG компаниясы «Геологтар үйін» құрып, интерактивті платформалардың көмегімен геологиялық мамандықтардың ерекшелігін танытты. Фестиваль аясында директордың оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Д.Р. Есенаманов қазақстандық мультимедиялық бизнес жаңалықтарының бірінші арнасы Atameken Business арнасында жүргізілетін «Сол жағалау» бағдарламасына қатысты. Бағдарламаға «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі мен жұмысшы мамандықтарының бүгіні мен болашағы тақырыбы арқау болды. Сондай-ақ, жұмысшы мамандықтарының тапшылық мәселесін шешу жолдарына талдау жасалды. Студияға арнайы шақырылған қонақтар модератор сұрақтары мен әлеуметтік желі арқылы келіп түскен, көрерменді толғандырған түрлі сауалдарға жауап берді.