«Өндірістік-технологиялық ортаға геологиялық саланы кіріктірудегі қөптілділіктің маңызы» тақырыбындағы республикалық семинар-практикум, Семей қаласы

 

«Геология және пайдалы қазбаларды өндіру» бейіні бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын жүзеге асыру мақсатында «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ-ы «Геологиялық барлау колледжі» КМҚК-мен, Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасымен және «Шығыс Қазақстан облысы Техникалық және кәсіби оқыту мен мамандарды дайындау» КММ-мен бірлесе отырып 2018 жылғы 15 наурызда «Геологиялық барлау колледжі» КМҚК-ның базасында «Өндірістік-технологиялық ортаға геологиялық саланы кіріктірудегі қөптілділіктің маңызы»  тақырыбындағы   республикалық  семинар-практикум өткізді.

 

Семинар-практикумның жұмысына Тараз, Атырау, Өскемен, Семей, Риддер және Шемонайха колледждерінің директорларының оқу-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасарлары, өндірістік оқыту шеберлері, ағылшын тілі және арнайы пән оқытушылары және Шығыс Қазақстан облысының  ауылдық колледжінен келген оқытушылар қатысты.

Семинар-практикум бағдарламасының мазмұны 0701000 «Геологиялық суретке түсіру, пайдалы қазба кен орындарын іздеу мен барлау» және 0704000 «Пайдалы қазба кен орындарын  іздеу мен барлаудың геофизикалық әдістері» мамандықтары бойынша  техникалық ағылшын тілін білетін орта буын мамандарды даярлаудың  эксперименталды оқу жоспарларын енгізу тәжірибесін  трансляциялау және білім беру мазмұнындағы жаңартуларға сәйкес «Геология және пайдалы қазбаларды өндіру» профилі бойынша мамандарды дайындаудағы өзекті мәселелерді анықтауды қарастырды.

Семинар-практикумның міндеттері:

– геология саласының бәсекеге қабілетті қазақ, орыс және ағылшын тілін қатар оқыту негізінде тілдік құзыреттікке ие, мәдениаралық қатынасқа қабілетті, халықаралық білім беру кеңістігі мен еңбек нарығында икемді мамандарын  дайындау бойынша тәжірибемен алмасу;

– түлектердің қорытынды аттестациясын өткізу бойынша тәжірибемен алмасу (дипломдық жобаның  арнайы сұрағын ағылшын тілінде қорғау);

– ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын топтардағы пәндерді оқу-әдістемелік тұрғыда қамтамасыз ету бойынша тәжірибемен алмасу;

– студенттердің мәдениаралық қатынастар мен көп мәдениетті қоғам жағдайларына жақсы бейімделуі және қолайлы жағдайлар туғызу бойынша тәжірибемен алмасу;

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар ТжКБ ұйымдарының білім беру процессіне қөптілділіктің негізінде кадрларды даярлаудағы инновациялық технологияларды табысты іске асыру және енгізу бойынша ұсыныстар әзірленді.